ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ — БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМНЫҢ КІЛТІ

Құқықтық сауаттылық — әрбір азаматтың бойындағы сенімділік пен жауапкершіліктің бастауы. Осы ойды арқау еткен «Адам құқықтары бойынша базалық курс» атты семинар-тренинг Рудный политехникалық колледжінің Республика залында өтті. Жылы шырайлы, ашық пікір алмасуға толы бұл шара қатысушылардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Шараға «Құқық және тәртіп» фракциясының 1-2-3 курс студенттерінен құралған 50-ге жуық жас қатысты. Жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға арналған бұл басқосу — білім ғана емес, шабыт сыйлаған ерекше кездесу болды.

Тренингті қоғам белсендісі, кәсіпкер, колледжіміздің түлегі Геннадий Ипатов жүргізді. Ол адам құқықтарының мәнін тереңінен ашып, өмірлік мысалдармен толықтырды, интерактивті жаттығулар мен нақты жағдайларды талқылау арқылы қатысушыларды ойлануға жетеледі.

Ерекше тоқталған тақырып — жастардың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы орны мен рөлі. Спикердің айтуынша, құқығыңды білу — бұл тек өз мүддеңді қорғау емес, қоғамға деген жанашыр көзқарастың көрінісі.

Өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінген адам — өзіне сенімді, айналасына қамқор, әділетті қоғам құру жолында белсенді әрекет ететін азамат. Бұл – нағыз азаматтық ұстанымның негізі.